Мазақтау, ажуалау, келемеждеу, келекелеу, мысқылдау, төлкектеу, сайқымазақтау, сықақтау, кекесіндеу, кекету

lat: Mazaqtaý, ajýalaý, kelemejdeý, kelekeleý, mysqyldaý, tólkekteý, saıqymazaqtaý, syqaqtaý, kekesindeý, keketý.

Біреудің қытығына, намысына тиіп, сөзбен қағыту, мұқату, шенеу, түйреу.

«Қап, мынаны-ай, тағы да қызғаншақ деп мазақтап, көзімді шұқитын болды-ау» деп өкіндім (Н. Серәлиев).

Бұрынғы бұрынғы ма, Сәдірбекті балалар онан сайын ажуалады (С. Бегалин).

Қытығына тиген адамды келемеждейтін оның әдеті (Ә. Әбішев).

Арлылының адал ниетін келекелеп, менің де у құяды жүрегіме (Ә. Сәрсенбаев).

Сабақ үстінде Құраштың кей мінезін оғаш көріп, ішімнен мысқылдап отыратын болдым (А. Жақсыбаев).

Жанбосын сөзбен тәлкектеп қоймайды, осы тұста мені басынып-ақ жатыр (Б. Соқпақбаев).

Жігіттер оны сайқымазақтап, төлкек қылды (I. Жансүгіров).

Қожақ моншадан келгелі Петр Денисовты сықақтап келекелеумен отырды (Ә. Нұрпейісов).

Ілмелеп салған жерден кекесіндеп, қылады ұрыс-жанжал сөздің артын (Ә. Нұршайықов).

Тағы бір-екі күн ұйықтай түссеңдер еді! - деп, Жәкең шал оны кекетіп тастады (Ғ. Мүсірепов).